Главная страница Сайттың картасы Көзі нашар көретіндер үшін

12 Желтоқсан 2019 09:52
Білім беру сапасын қалай арттыруға болады

Баяндама жасаған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарын оңтайландыру, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту жөніндегі шаралар, дарынды балалардың қабілеттерін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерін тағайындау жүйесін қайта қарау және тағы басқа мәселелер туралы жан-жақты хабардар етті. 

«Маңызды мәселелердің бірі – кадрларды қайта даярлауды сапалы жүзеге асыру болып табылады. Бүгін 85 жоғары оқу орны педагогтарды даярлауда, біз енді осы жоғары оқу орындарына талаптарды күшейту жөніндегі шараларды қабылдаймыз. Тиісінше, лицензияларды қайтарып алу бойынша жұмыстарды жүзеге асырамыз. Білім және ғылым министрлігінің жоспары бойынша, педагогтар дайындайтын 20-30-ға жуық жоғары оқу орны қалуы мүмкін. Бізге саннан гөрі сапа маңызды», - деді А.Аймағамбетов.  Министр сондай-ақ оқулықтарды әзірлеу, сапасын бағалау, басып шығару және мониторинг жүйесі өзгеретінін хабарлады. Оқулықтарды әзірлеуге қойылатын талаптар күшейтілді, сараптаманың нақты шарттары анықталды, сарапшыларды оқыту және сертификаттау, авторларды оқыту, әлеуетті сарапшылардың базасын қалыптастыру, «бүркеншек» сараптама енгізу көзделіп отыр.  

Сенатор Бақытжан Жұмағұлов білім берудің әрбір деңгейінің жағдайы мен проблемаларын жан-жақты талдады. Сенатор мектепке дейінгі білім беру мәселелеріне қатысты білікті кадрлардың жетіспеушілігін, тәрбиешілердің балаларға қатысты тәртіп бұзушылықтарын (2017-2019 жылдары ата-аналардан 203 шағым түскен) атап өтті. «Жағдайды лицензиялауды енгізу түзетуі мүмкін. Бірақ оны аса тез емес, қолда барды бұзып алмай, мұқият және дәйекті түрде жүзеге асыру керек», - деді Б.Жұмағұлов. Сенатор дуалды білім беру туралы айта келіп, мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру және түлектерді жұмысқа орналастыру кезінде еңбек нарығының қажеттілігін ескеруді ұсынды.

Жоғары білім беру саласында сенатор оқу орындарын тіркеуді заңнамалық және өзге де қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру, сондай-ақ Париж коммюникесінің (2018 ж.) ұсынымдары бойынша «Жоғары білімнің Еуропалық кеңістігінде сапаны қамтамасыз ету жөніндегі стандарттар мен басшылық принциптерін» үйлестіруді пысықтау қажеттігін атап өтті. Б.Жұмағұлов сонымен қатар жоғары оқу орындарының дербестігін заңнамалық кеңейту заңнан кейінгі актілермен толық көлемде әлі де бекітілмеген деп есептейді.

Дөңгелек үстел барысында «Назарбаев зияткерлік мектептері» педагогикалық өлшеу орталығы филиалының директоры А.Шилібаева, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Е.Әубәкіров, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Р.Алшанов, Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мектеп-лицей коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры А.Шаяхметова және басқалар сөз сөйледі.

Сенаторлар С.Ершов, С.Бектұрғанов, Д.Нөкетаева, Н.Жүсіп, М.Бақтиярұлы педагогтарға жалақыны және студенттердің стипендиясын арттыру, мектептерде смартфондарды пайдалануға тыйым салу, жоғары оқу орындарын біріктіру тәжірибесі, дуальды білім беруді жетілдіру мәселелерін көтерді. 

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсыныстар әзірленді.