Главная страница Сайттың картасы Көзі нашар көретіндер үшін

11 Желтоқсан 2019 17:19
«Ұлы даланың ұлтаралық тілі». Ж.Түймебаев жаңа челлендж бастады

Ол өз сөзінде 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс екендігін атап өтті.

"Мемлекет көздеп отырған меже бойынша, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Осы орайда 130 дан астам ұлттың басын қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгін осы жүктелген тапсырмалардың қандай дәрежеде орындалып жатқанын, түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсетуді мақсат етіп отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі – 86 пайызға жуықтаса, оның 35 пайыздан астамы - өзге ұлт өкілдері",  -  деді Түймебаев.

Сонымен қатар Түймебаев шараға қатысып, мемлекеттік тілде өлең оқып, қазақ тілін үйренудегі әдіс-тәсілдерімен бөліскен өзге ұлт өкілдеріне алғысын білдірді. Олардың мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі қуанарлық жайт екендігін атап өтті.

ARAM1878.JPG

"Шараға қатысушылардан байқап қарасаңыздар, ортамызда отырған азаматтардың арасында түбі бір түркі тілдес елдерге қарағанда, славян тектес халықтардың өкілдері көптеп келіп отыр. Яғни, орыс, украин, неміс, беларус, поляк, латыш тағы басқа ұлттың жастарының арасында қазақ тілін жетік меңгергендердің көптігіне көз жеткіздік. Бұл қуанарлық жағдай, ауыз толтырып айтуға тұрарлық көрсеткіш",  - деді ол. 

Сондай-ақ ол сөз соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ тілін қолдау мақсатында мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі ұлт өкілдері мен жалпы халық арасында "Ұлы даланың ұлтаралық тілі" челленджін бастайтынын айтып, эстафетаны Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы этно-мәдени бірлестіктеріне жолдады. Аталған челлендж бойынша қазақ тілінде ән айтылуы керек. Бүгінгі шара барысында челлендждің бастамасы ретінде "Атамекен" әні шырқалды.

Сонымен қатар мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген басқа ұлт өкілдері де форумға қатысып, қазақ тілін үйренуде қолданған әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сондай жастың бірі - Виктория Трегубова. Ол өз сөзінде ата-анасының қазақ мектебіне бергенін, мемлекеттік тілден әртүрлі конкурстарға қатысқанын тілге тиек етті. 

ARAM1915.JPG

"Мектеп кезінен бастап аудан, облыс көлеминде қазақ тілінен турлі жарыстарга катыстым. Отбасында 2 ағайындымыз. Меннен 3 жас үлкен ағам бар. Ол да қазақ мектебін бітірген, қазақ тілін толық меңгерген. Әке-шешем қазақша сөйлемейді. Уйде тек орысша сөйлесеміз. Кейде ағам екеуміз қазақша сөйлесіп, сырласамыз. Қазақ мектебіне бергеніне ата-анама алғысымыз шексіз",- деді ол.

Сонымен бірге Қостанай қаласы №20 орта мектебінің оқушысы Пимичева Анель де мемлекеттік тілді атасынан үйренгенін, әрі қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебінде оқитынына мақтанатынын атап өтті.

"Маған қазақ тілін атам үйретті, кейін қазақ балабақшасына бардым. Сонымен қатар ата-анамның шешімі бойынша қазақ мектебінде оқыдым. Иә, әрине, қазақ тіл бойынша шамалы база болғанымен, мектепте қазақ тілін меңгеруден біраз қиындық туып, "3" деген баға алып жүрдім. Сол кездері менде тек қазақ тілінен ғана осындай төмен баға болды, мүмкін сол намысыма тиген шығар. Қазір қазақ тілім- "5", ал керісінше орыс тілі - "4" болып кеткен",- деп күлді ол.

ARAM1822.JPG

Ал 1995 жылы Шешен Республикасынан көшіп келген Элимханов Джамалайл есімді азамат Қазақстанда өмір сүргеннен кейін мемлекеттік тілді білу, қазақ тілінде сөйлеу азаматтық борышы екендігін айтып өтті.

"Мені бір ой мазалай берді. Қазақ жерінде өстім, білім алдым, 4 тілді меңгердім, ал мемлекеттік тілді білмеймін. Осы азаматтыққа жата ма?  Көп ойланып, мен өзіме серт бердім. Мен қазақ тілінде еркін сөйлей алған кезде ғана, өзімді Қазақстандықпын деуге құқығым бар. Қазақ тілін қалай да үйренем деп 2016 жылы оқуды бастап кеттім. Бағыма қарай, жақсы мұғалім тап болды. Жұмыс көп, уақыт аз, соған қарамастан, сабағымнан қалмай оқыдым. Оңай болды деп айта алмаймын, өйткені шешен тілі қазақ тіліне мүлдем ұқсамайды",- деп 2 жылдың көлемінде қазақ тілін еркін меңгергенін зор мақтанышпен атап өтті.

Сонымен қатар айта кету керек, форум барысында басты үш мәселе көтерілді. Атап айтсақ,  "Қазақ тілін үйрену үшін ынта керек пе, уақыт керек пе?"," Тіл үйренуге не кедергі?", "Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне қалай айналдырамыз?" деген секілді сауалдар талқыға салынды.

ARAM1844.JPG

Айта кетейік, форумға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ шара аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этномәдени бірлестіктердің белсенділері ҚР Президентінің “Алғыс хатымен”  марапатталды.

Назерке Сүйіндік

Фото: Артем Чурсинов