Главная страница Сайттың картасы Көзі нашар көретіндер үшін

20 Тамыз 2019 12:09
АХҚО туралы жаңа заңның артықшылықтары қандай

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұлттық инвестициялық реформаның маңызды құрауыштарының бірі және еліміздің экономикалық өсімін жеделдетуге бағытталған. АХҚО бизнесті шетелдік инвестициялармен қамтуда және капиталға қол жеткізуде маңызды рөл атқарады.АХҚО аумағында әлемдік қаржы құрылымдарының озық тәжірибелері ескерілетін ерекше құқықтық режим әрекет етеді.

Еліміздің қаржылық платформасын одан әрі дамыту мақсатында, атап айтқанда қаржы орталығының құқықтық юрисдикциясын дамыту мақсатында ҚР Үкіметінің мүшелері АХҚО туралы конституциялық заңға өзгерістер енгізу жобасын мақұлдады.

ҚР Қаржы бірінші вице-министрі  Берік Шолпанқұлов  Астана Халықаралық Қаржы Орталығының қызметін одан әрі дамыту мақсатында Қаржы министрлігі Орталықпен бірлесе отырып тиісті Заң жобасын әзірлегенін айтты.

«Жоба Жалпыұлттық жоспардың 27-тармағын  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 71-тармағын және Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 29-шы жалпы отырысының хаттамалық тапсырмасын орындау үшін әзірленді», - деді Б.Шолпанқұлов.

Бірінші вице-министр заң жобасында ұсынылып отырған түзетулерді 2 блокқа бөлуге болатынын айтты.

Бірінші блок – бұл инвестициялық салық резиденттігі.

Екінші блок – Астана Халықаралық Қаржы Орталығының қызметіне байланысты нақтылаушы нормалар.

«Бірінші блок Инвестициялық резиденттік бағдарламасы – қазіргі күні әлемде барынша көп таралған құбылыс.Халықаралық тәжірибені талдау нәтижелері инвестициялық резиденттік нарығының айтарлықтай өсу кезеңінде екенін көрсетіп отыр. Бағдарлама шеңберінде жиынтығы 500 млн-нан 1 млрд. АҚШ долларына дейін инвестициялар тартылуда. Бүгінгі таңда екі түрлі резиденттік бағдарлама ұсынатын 80-нен астам осыған ұқсас бағдарламалар бар екендігі белгілі», - деді  ол.

Сонымен қатар,  бірінші түрі – инвестицияларға айырбас ретінде тұруға ықтиярхат беретін АҚШ, Канада, Испания, сондай-ақ Латвия мен Греция секілді елдерде іске асырылып жатқан бағдарламалар.

«Бағдарламаның екінші түрімен елдің инвестициялық визасы мен салықтық резиденттігін алу ұйғарылады (яғни инвестициялық салықтық резиденттік бағдарлама). Мұндай елдер қатарында Италия, Швейцария, Кипр мен Ұлыбритания бар.Қазақстанда бағдарламаның екінші түрі – инвестициялық салық резиденттігін қолдану ұсынылады», - деді ол.    

Осылайша, Заң жобасында «инвестициялық резидент» ұғымын және «инвестициялық салық резиденттігі» бағдарламасын енгізу көзделеді.

«Салық резиденттігі бағдарламасы Астана халықаралық қаржы орталығының актісімен бекітіледі, бірақ міндетті түрде уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілетін болады. Атап айтқанда, Ұлттық экономика, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерімен, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісіледі», - деді Б.Шолпанқұлов.

Сонымен қатар, бағдарламада инвестициялаудың көлемі мен құралдары, инвестициялық салық резиденттігін алу рәсімдері айқындалатындығын атап өту қажет.

«Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының негізгі тұжырымдамасы – бұл инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына көп мәртелі кіру визасына айырбас ретінде инвестиция тарту болып табылады.Әлеуетті инвесторлар өз қаражатын Астана Халықаралық Қаржы Орталығы биржасында айналымдағы қаржы құралдарына және бағалы қағаздарға инвестициялайтын болады», - деді ол.

Сондай-ақ,  Заң жобасында инвестициялық салық резиденттері үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алынатын кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босату ұсынылады.

«Бұл ретте Қазақстан Республикасының ішінде туындаған кірістерге Салық кодексіне сәйкес салық салынатын болады, ал шет елде туындаған кірістерге салық салынбайды.Бұл шара өзінің салықтық шығыстарын оңтайландыруға тырысатын инвесторларға арналған, сол арқылы елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады.Бұдан басқа, Салық кодексінде (397-бап) қосылған құн салығынан босатылған қаржылық қызметтерді іске асыру бойынша айналымдар тізбесі айқындалған», - деді ол.

Сонымен қатар, осы тізбеге «Астана» халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының қызметтері енгізілмеген.

«Заң жобасында Астана халықаралық қаржы орталығына қатысушыларды қызметтерге салынатын қосылған құн салығын төлеуден босату көзделген.Түзетулердің екінші блогы Астана Халықаралық Қаржы Орталығының қызметіне байланысты нақтылаушы нормаларды қамтиды.Айталық, «Астана» халықаралық қаржы орталығының органдары еңбек қатынастары мен сатып алу рәсімдерін реттейтін актілерді қабылдауға құқылы болады», - деді ол.

Сондай-ақ «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» жаңа Заңға сәйкес келтіру мақсатында нақтылаушы түзету енгізіледі.

«Қорытындылай келе, Қазақстанда инвестициялық резиденттік бағдарламасын іске қосу ұзақ мерзімді перспективада елеулі экономикалық дивидендтер әкеледі деп атап көрсеткім келеді», - деді Б.Шолпанқұлов.

Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының негізгі тұжырымдамасы — инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына бірнеше мәрте келу визасын алу мүмкіндігін ұсына отырып, шетелдік жеке тұлғалардың капиталын елге тарту.

Сонымен қатар, заң жобасында АХҚО органдарының еңбек қатынастарын және сатып алу рәсімдерін реттейтін актілерді қабылдауға құқығы бар екені қарастырылған.

Жаңа заңнамалық бастамалар тартымды инвестициялық ахуал құруға және инвесторлар тарапынан сенім қатынастарын қалыптастыруға ықпал етеді.

 «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында 2015 жылы АХҚО туралы арнайы Конституциялық заң қабылданып, оның мақсаты, міндеттері мен қызметінің принциптері анықталды. Осы Конституциялық заңға бүгін ұсынылып отырған түзетулер Қаржы орталығының еліміздің негізгі қаржы платформасы ретінде жылдам қалыптасып, дамуына және оның юрисдикциясын инвестицияларды тарту мен қорғау үшін пайдалануға мүмкіндік береді», — деп ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин.

Аягөз Құрмаш