Главная страница Сайттың картасы Көзі нашар көретіндер үшін

18 Шілде 2019 15:42
Ұлттық университет ректорлары конкурс арқылы тағайындалады

Қазақстанда 131 оқу орны бар. Оның ішінде 9 университетке ұлттық статусы берілген. Еліміздегі ұлттық университеттердің қатарында: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Е.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу Институты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті, Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университеті бар

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық университет ректорларын конкурстық негізде іріктеуді дер кезінді әрі дұрыс жасалып отырған шара деп атады.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық университеттердің ректорларын конкурстық негізде Үкімет қаулысымен тағайындау жөнінде нормативтік құжаттар әзірлеуді тапсырған болатын. Ал, қазіргі ректорларды Президент жарлығымен тағайындау процедурасы күшін жоятын болады. Осы орайда әлеуметтік желілерді шолып шықтым. Аталған бастамаға қоғамның оң реакциясын байқағанымды да айта кетейін. Осыған қатысты жазылған пікірлердің басым бөлігінде тұрғындардың, ұстаздар мен жоғары оқу орны басшылығының ұстанымы позитивті болып келді. Ұлттық университет ректорларын конкурстық негізде іріктеу шешімді қабылдаудың ашықтығын, бәсекелестікті қамтамасыз етеді. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз тиісті құжаттарды дайындайтын боламыз», - деді Білім және ғылым министрі.


ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзінше әзірге тиісті нормативтік құжаттар әзірленіп жатыр. Ректорларды тағайындаудағы конкурс процессі қалай жүргізілетіні туралы алдағы уақытта айқындалады.

Асхат Аймағамбетов «Болашақ» бағдарламасының да даму процесінен тыс қалмауы тиістігін атап өтті.  

Айта кетсек, 15 шілде күні Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде алғаш рет өткізген Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Болашақ» бағдарламасының кейбір тұстарын сынға алған болатын. Енді Президент сынынан кейін "Болашақ" бағдарламасына өзгеріс енгізілетін болды.

«ҚР Білім және ғылым министрлігінде, сонымен қатар ұлттық экономика министрлігінде болған 0 мысалдардың өзі дәлел. Министрдің орынбасары дәрежесіндегі саяси қызметкерлер «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін, қызметтен оп-оңай уақытша кете салады. Тіпті 45 жастан кейін де оқи береді. Ал, министрдің орынбасары "Болашақ" бағдарламасымен оқуға кеткенде, оның орнына бір жылға басқа адамды тағайындай салады. Бұл – абсурд қой. «Болашақ» бағдарламасының талаптарына өзгеріс енгізілуі тиіс. Саяси қызметкерлер білімін шыңдағысы келсе, мемлекеттің қаржысына емес, өз еркімен бос уақытта айналыссын», - деп мәлімдеген болатын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметттің кеңейтілген отырысында.

«Болашақ» бағдарламасының тиімділігін атап өткен ҚР Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов уақыт өткен сайын аталған бағдарлама жетілдірілуі тиіс екендігін айтты.

«Бұл бағдарламаның қаншалықты тиімді екенін білесіздер. Біршама білімді жастар осы бағдарламаның игілігін көрді. Президент бізге нақты тапсырма берді. Енді осы тапсырма бойынша нормативтік құаттар дайындап жатырмыз. Қандай тапсырма екендігін естідіңіздер. Мемлекеттік қызметтегі азаматтарға бағдарламаға қатысуға шектеу қою мәселесі бойынша тиісті құжаттар дайындалып жатыр. Қорытындысына сәйкес, сол кезде хабарын айтамыз», - деді Білім министрі А.Аймағамбетов.

Сондай-ақ, биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға жалпы саны 53 785 грант бөлінген болатын.

«2019 жылдан бастап білім беру гранттары ҰБТ сертификатының балдарына сәйкес білім беру бағдарламаларының топтары бойынша конкурстық негізде тағайындалатын.  13 шілдеден бастап білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау жүріп жатыр. Осыған дейін алғашқы 4 күн ішінде конкурсқа қатысу үшін үміткерлерден 28 430 өтініш  келіп түссе,  оның ішінде 26 202 өтініш толық бағдарлама бойынша оқуға берілген және 2 228 – техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын бітірушілерінен қысқартылған мерзімде оқу үшін ниет білдіргендер болды.», - деді А. Аймағамбетов.

ҚР Білім және ғылым министрі Аймағамбетов конкурсқа өтініштерді қабылдау жалғасып жатқанын және ол 20 шілде күні аяқталатынын жеткізді.

«Жалпылама айтсақ,  жоғары білімді кадрларды дайындауға бөлінген гранттардың жалпы саны 53 785. Одан бөлек, биылғы жылы қосымша 5 мың грант бөлініп отыр, оларды жергілікті атқарушы органдар да конкурстық негізде бере алады», - деді Білім және ғылым министрі.

Ал, қазіргі таңда Қазақстанда 500 мыңнан астам білім алушы 131 оқу орында оқып жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, А.Аймағамбетов университеттерге академиялық қаржылық тәуелсіздікті бергенін, қыркүйектен бастап оқу орындары оқу бағдарламаларын кәсіби стандарттарға сәйкес өз беттерінше жаңартып, коммерциялық қызметтің 16 түрін өз бетінше орындайтынын жеткізген болатын.

Сондай-ақ, енді үміткер бірыңғай тест тапсырып грант алған соң, магистратурада оқитын оқу орнын өзі таңдайды. Бұл жүйе магистратурадағы гранттар бөлінуінің ашықтығын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Ал, докторантурада ешқандай өзгеріс жоқ, тек үміткерде халықаралық IELTS  сертификаты болуы тиіс.

Ал, кәсіптік-техникалық колледждерде жұмысшы мамандықтарында оқып жатқан студенттердің стипендиясы 30 пайызға көтеріліп, енді оның көлемі 21 787 теңге болады.

Сонымен бірге, Президент шешімімен жоғары оқу орындарында оқығысы келген көпбалалы, әлеуметтік жағдай төмен, АӘК алатын отбасылардың балалары үшін  қосымша 5 мың грант бөлінді.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен қатар түрлі санаттағы оқушыларға бірқатар көмек беріледі. Үкіметтің нөмірі 64-Қаулысына сәйкес және Білім туралы заңның 6-бабына сәйкес мемлекеттік білім беру мекемелерінің білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылай және мемлекеттік көмек көрсетіледі, яғни жергілікті атқарушы орган мектептердің қызметіне бөлінген бюджет қаражатының бір пайызын оқушылардың жекелеген санаттарына қаржылай және материалдық көмек ретінде береді.

Айдана Абдрахманова

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.

 

Гранттар саны 20 мыңға артады, кәсіптік колледж студенттері стипендиясы көтеріледі​: https://strategy2050.kz/news/53400/