Главная страница Сайттың картасы Көзі нашар көретіндер үшін

10 Желтоқсан 2019 17:51
Жастар жылының жақсылығын көрген жандар

Ресми мәліметтерге сүйенсек, "Жас кәсіпкер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 20 мың жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. 2019 жылы 9,5 мың жас жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға грант алған. Жыл сайын 10 мың жас грантқа ие болады. Ал 2,5 мың жас кәсіпкерге өз ісін дамыту үшін шағын несие берілген.

Сондай жастың бірі Азамат Жаманшиев. Ол мемлекеттен 300 млн теңгеге жуық гран алып, жас отбасыларға, ата-аналарға психологиялық көмек көрсету мақсатында "Өнеге" жобасын жүзеге асырды. Жоба авторының айтуынша, ашылғанына небәрі жарты жыл болған орталық көптеген зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алған.

"Жобаны жүзеге асыру үшін жарты жыл уақыт кетті. Бұл үкіметтің тікелей қолдауымен жүзеге асқан жоба. Біз еліміздің әр өңірінен 9 отбасын ресурстық қолдау орталығын аштық. Жүзеге асыру үшін үкіметтен 300 млн теңгеден астам қаржы алдық. Мұнда психологтар, психиатрлар, әлеуметтік қызметкерлер, кейс-менеджерлер жұмыс істейді. Олардың белсенді жұмыс жүргізулерінің арқасында жарты жылда 120 тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алдық. 500-ге жуық ата-ана мен бала, ерлі-зайыптылардың арасындағы жағдайларды шешуге көмектестік. 26 суицидтің алдын алдық. Сонымен бірге 70 баланың өз обасында қалуына септігіміз тиді", - деді Азамат Жаманшиев.

photo5440712194179312582.jpg

Сонымен қатар ол қазақстандықтардың психологқа бару деген секілді мәселеге көзқарастары өзгеріп жатқанын атап өтті. Себебі орталыққа келіп, көмек сұраушылардың қатары көбейген.

"Бізге көмек сұрап келетіндерді екі категорияға бөлуге болады. Біздің елде қазір психолог мамандарға деген көзқарас өзгеріп жатыр. Әсересе, ата-аналар конфликт баламен болған жағдайда көптеп келуде. Сонымен қатар  жас отбасылар да көмегімізге жүгінеді. Бұл бізге өздері келетіндер. Екіншісі, біз балалар ісі жөніндегі және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлармен тығыз байланыстамыз. Бұл инспекторлар біздің мамандарға проблемалы отбасылардың деректерін береді, кейін біздің қызметкерлер оларға хабарласып, қызметтерін ұсынады. Қызметтің бәрі тегін", - деді ол. 

Сондай-ақ ол ажырасудың салдарымен күрескенше, себебімен күресіп, алдын алған дұрыс деп санайды..

"Бұдан басқа жаңадан отбасын құруды жоспарлап жүрген жастар үшін онлайн мектеп аштық. Оның мобильді қосымшасы да бар. Отбасылық өмірдің өзекті мәселелері, бақытты отбасын құру жөнінде 6 мыңнан астам жастарға тренинг-семинарлар өткіздік.  Қазақстанда сағат сайын 6 отбасы ажырасады, ал 15 отбасы құрылады. Отбасы дегеніміз қоғамның, мемлекетіміздің негізі. Отбасына психологиялық көмек көрсету, оны қолдау өте маңызды. Ажырасудың салдарымен, травма алған балалармен жұмыс істегеннен көрі, себебімен күресіп, алдын алсақ жөн болар еді", - деді ол.

Сонымен бірге Жастар жылы аясында жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз бағдарламасын іске асыру қолға алынды. Биыл 3 мың жас Қазақстанның үш ірі қаласында жалдамалы пәтерге ие болды. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласында - 1050 пәтер, Алматы қаласында -1050 пәтер, Шымкент қаласында - 900 пәтер пайдалануға берілді.

Биыл аталмыш жастарды баспанамен қамту бағдарламасы арқылы алматылық 25 астағы Бағдат Ахметжанов жалдамалы пәтерге ие болды. Жастайынан ата-анасыз қалған ол мемлекеттің мұндай бағдарламаны жүзеге асырып, жастарды қолдауы өте дұрыс шешім деп санайды. 

photo5438578956937833503.jpg

"Мемлекеттің қамқорлығына бөленіп, жалға пәтер алу бақытына қол жеткіздім. 14 жасымда інім екеуміз ата-анамыздан айырылып, жақындарымыздың көмегіне мұқтаж болдық. Кейін Алматы қаласына келіп, Энергетика және электронды технологиялар колледжі жылу-энергетика мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуымды аяқтаған соң отбасын құрып, еңбек жолымды Алматы энергия кәсіпорнына слесарь болып жұмысқа қабылдандым. Қазіргі таңда бу қаазандығының операторы болып қызмет атқарудамын. Алдына мақсат қойып, оған жетудің бір ғана жолы бар. Ол - еңбек ету. Мемлекет тарапынан көмек бәріне бірдей көрсетіліп жатыр. Тек өз талабың мен білімің болса болғаны", - дейді Бағдат.

Оның айтуынша, мемлекеттің бұл жасап отырған қамқорлығы өзі секілді жастар үшін үлкен көмек. Қазір жалдамалы пәтеріне бұрынғыдан бірнеше есе аз төлейтінін айтып, қуанышын жасырмады.

"Біз секілді жастарға баспанамен қамту бағдарламасы өте қажет. Қазір Алматы қаласында отбасыммен тұрып жатырмын, екі балам бар. Мен бұған дейін пәтерге айына 70 мың теңге көлемінде ақша төлеп келсем, қазір екі бөлме ге 10 мың теңге ғана төлеймін. Өзіме арнайы шот та аштырып қойдым. Үкімет бес жылға дейін сол үйде тұруға мүмкіндік беріп отыр. Сол аралықта мұны пайдаланып, ақша жинап, пәтер алам деген сенімдемін", - дейді Бағдат Ахметжанов.

Айта кетейік, ел астанасында мемлекет басшысының қатысуымен Жастар жылының жабылау және Волонтер жылының ашылу салтанаты өтіп жатыр. Аталған іс-шараға Қазақстанның барлық аймақтарынан 500-ге тарта жас қатысты. 

Назерке Сүйіндік